Академик М.Қ.Қозыбаев және тарих ғылымының жаңа белестері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 26 Ноября 2011 в 12:00, доклад

Краткое описание

Еліміз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет құрылған сәттен бастап халқымыздың ғасырлар бойғы ұзақ тарихында оның тәуелсіздікке ұмтылған арман-тілегінің, бостандық жолындағы күресінің салмағын бағамдау, сол ұлы тарихтың қатпарларын қайта қопарып, тарихи шындықты қалпына келтіру, осы бағыттағы жүйелі зерттеулердің нәтижесі ретінде халықтың жаңаша тарихи санасын қалыптастыру – біздің бүгінгі рухани өмірімізде жүзеге асырып жатқан аса маңызды қызметіміз.

Содержимое работы - 1 файл

Академик М.Қ.Қозыбаев және тарих ғылымының жаңа белестері.doc

— 66.50 Кб (Скачать файл)
 
 

Академик  М.Қ.Қозыбаев және тарих  ғылымының жаңа белестері 
 

     Еліміз  тәуелсіздік алып, дербес мемлекет құрылған сәттен бастап халқымыздың  ғасырлар бойғы ұзақ тарихында оның тәуелсіздікке ұмтылған арман-тілегінің, бостандық жолындағы күресінің салмағын бағамдау, сол ұлы тарихтың қатпарларын қайта қопарып, тарихи шындықты қалпына келтіру, осы бағыттағы жүйелі зерттеулердің нәтижесі ретінде халықтың жаңаша тарихи санасын қалыптастыру – біздің бүгінгі рухани өмірімізде жүзеге асырып жатқан аса маңызды қызметіміз.

     Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстандағы тарих ғылымы дамуының белестері мен жеткен жетістіктері атақты ғалым, ғылымды ұйымдастырушы, танымал қоғамдық және мемлекеттік қайраткер, отандық тарихшылардың көшбасшыларының бірі академик М.Қ.Қозыбаевтың есімімен байланысты.

     1953 жылы ҚазМУ Тарих факультетін үздік бітірген жас маман Қостанай педагогикалық институтында ғылыми-оқытушылық қызметін бастады. Осы кездің өзінде Қостанай өңіріндегі азамат соғысы, ұлт-азаттық қозғалыстары мәселелерімен айналыса жүріп, зерттеушілік талантымен, ғылымға деген таудай талабымен көзге түсіп, Алматыдағы Партия тарихы институтына жұмысқа шақырылды.

     Аталған ғылыми мекемеде жас ғалым ғылымдағы  өз соқпағын тапты. Сектор басшысы П.М.Пахмурныйдың кеңесімен жас ғалым Ұлы Отан соғысы тарихын зерттеуді қолға алды. 1964 жылы «Компартия Казахстана в период Великой Отечественной войны» деген атпен алғашқы монографиясы жарық көрді. Осы еңбегінде автор алғаш депортация тақырыбын көтерді. Қазақ даласына жер аударылғандардың тарихи тағдырына қатысты кесек және тұжырымды пікірлер білідірді.

     Сөйтіп, Манаш Қабашұлы аз уақытта Одақ көлеміндегі Отан соғысы тарихының көрнекті маманына айналып, айтулы оқиғаның 30 жылдығына арналған «На защите Советской Родины» атты ұжымдық еңбектің авторы атанды. Бұл қиындығы мен қызығы қатар жүретін ғылымның соқпағына түскен ғалымның осы тақырыптың майталманы ретінде Отан қорғау, оның тарихнамалық мәселелеріне шындап ден қойғандығын көрсетті.

     1969 жылғы 4 маусымда Мәскеудегі КОКП Орталық Комитеті жанындағы марксизм-ленинизм институтының Ғылыми Кеңесінде профессор С. Бәйішевтің ғылыми жетекшілігімен «Қазақстан Коммунистік партиясы Ұлы Отан соғысы жылдарында» тақырыбында қорғаған докторлық диссертациясының ғылыми жаңалықтары мәскеулік ғалымдарды да таңқалдырып, өзінің ғалым ретіндегі тұлғасын бірауыздан мойындатты. Ол ең бастысы Қазақстаннан майданға, тыл армиясына алынғандардың саны екі млн. жуық екендігін айтып, шығыстағы ұлттық аймақтар генофонының әлсіреуіне тигізген әсерін ғылыми тұрғыдан тың деректермен дәлелдеп берді. Сонымен қатар, партия құрлысында да көптеген жаңа тұжырымдамалар жасалды. Жас ғалымның замана ызғарынан қаймықпай айтқан сол уақыттағы теориялық пікірлері бүгінде көптеген зерттеулерге арқау болғандығы ақиқат.

     Өз  зерттеуінде ғалымның көтерген мәселесінің бірі кеңестік саясаттың салқынымен қордаланып қалған – ұлт мәселесі еді. Соғыс жылдарында тыл жұмысына қазақтан адам алынуына ол арнайы тоқталып, 1916 жылғы патшаның маусым жарлығындағыдай жергілікті халықтың мүддесімен санаспаушылықтың орын алғандығы батыл көрсетілді. Еңбекке жарамды азаматтардың жаппай мобилизацияға ілінуі салдарынан ауыл шаруашылығындағы ауыр еңбекке қариялар мен әйел бала-шағалардың жегілуі патриоттық ұлтшылдықтан гөрі шарасыздықтан туғандығын ғалым кеңестік тарихнамада алғаш рет көрсетіп мәскеулік әріптестерінің назарын аударды.

     Партияның қатаң бақылауындағы тарих ғылымының  «белгіленген шеңберінен» аса шығып  ғылыми дәлдік, объективтілік, шыншылдық  принцптеріне сүйенген мұндай батыл  да қайратты ойлар білдіру заманындағы шын ерлік еді.

     Келесі  жылы тарих ғылымының докторы  М.Қозыбаевтың «Қазақстан –майдан арсеналы» атты монографиясы жарық көрді. Ұлы Отан соғысының тарихын зерттеуде ерекше орын алатын бұл еңбегі үшін Қазақстан Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты атанып, бүкілодақтық байқауда монография сол жылғы шыққан еңбектердің ең таңдаулысы деп танылды.

     Аталған еңбегінде автор қазақ сахарасының  байлығы да, еңбек ресурстары да, малы да, жаны да майдан жолына сарп етілгенін  жан-жақты көрсетті. Өзінің ғылыми тұжырымдарымен, ғалымдық батылдығымен жазылған бұл еңбек одақ көлемінде тарихнамаға елеулі үлес болып енді.

     1970 жылы Х Халықаралық тарихшылар конгресінде М.Қозыбаев қазақтардың Отан қорғауға қатысуының тағылымдары туралы баяндама жасап, соғыстың сабақтарын түйіндеді.

     Ғалым қарымының тұсалуы 1973 жылы З.А.Голиковамен бірлесіп жазған «Золотой фонд партии» (Из опыта кадровой политики КПСС) атты кітабынан кейін басталды. Себебі, еңбектің тарихнамасында көрсетілгендей 1928-1958 жылдардың аралығындағы партияның кадр туралы ұстанымдарының қағаз жүзінде ғана қалып отырғандығы ашық айтылып, ұлттық кадрларға деген қоғамды жайлаған сенімсіздік, партияның іс жүзіндегі кадр саясатындағы олқы тұстары көрсетілгенді. Міне, осындай шындықтың ғылыми тұрғыдан дәйектелуі республикалық партия басшылығының тарапынан жас ғалымның қудалануына түрткі болды.

     Замана  ызғарына төтеп бере алмаған Манаш  Қабашұлы ғылым ордасынан кетіп, Алматы малдәргерлік институтынан пана тапты. Енді ғалым аталған жоғарғы оқу орнында шәкір тәрбиелеумен қатар қоғамдық жұмыстардың көрігін қыздырды.

     Манаш Қабашұлының 1974 жылдан бастап Қазақ Совет энциклопедиясына басшы болып келуімен ғылыми ізденістері одан әрі жанданды. Кейін дәстүрге айналған Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, академиктер С.Бейсембаев пен Ә.Қайдаров, корреспондент-мүшелер М.Балақаев, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев және т.б. өткізілген кездесулер энциклопедия ұжымын рухани сілкіндіріп, аталған мекеменің беделін өсірді. Қазақтың ұлт жанашырларына арналған энциклопедиялар, қазақыландырылған, ұлттық рухпен мазмұндалған тақырыптық энциклопедиялардың негізі қаланды.

     Ғалымның  ұлтжандылығын көрсеткен тағы бір  қыры 1983 жылдың 9 тамызында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында «Қазақ КСР» Қысқаша энциклопедиясына А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Шоқай және т.б. қазақтың арда туған арыстарының өмірбаянын енгізу туралы мәселе қойуы еді. Өкінішке орай, Манаш Қабашұлының ол кездері жазу түгілі, есімдерін айтуға тиым салынған қазақтың біртуар перезенттерінің атын жаңғырту ниетін партия басшылығы өткізбей тастады.

     Осылайша  Қазақ Совет энциклопедиясы Манаш  Қабашұлы басшылық еткен тұста соны бір белестен өтіп, кемел шағына жетті.

     1986 жылы ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына бөлім меңгерушісі, көп кешікпей осы айтулы ғылыми-зерттеу мекемесінің директорлығына тағайындалған Манаш Қабашұлы одақ деңгейінде танылған ғалымдығымен қоса ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру ісінде де мол тәжірибе жинаған кәсіби басшы болып қалыптасқан болатын. Сөйтіп, 1987 жылғы ақпанда «ақтаңдақ» термині алғаш рет қолданысқа түсті. Оның қолдану аясы бірте бірте кеңіп, Отан тарихының көптеген кезеңдерін қамти бастады.

     Бұл жерде назар аударарлығы: тарихтағы  ақтаңдақ дейтін құбылыстың ішкі мәні мен туу себептерін діттей келгенде, сонау патшалы Ресейдің отаршылдары  мен кейінгі тоталитарлық тәртіпті енгізген большевиктердің саясаты сөз жүзінде бір біріне қарама-қарсы деп жарияланғанымен, жергілікті халықтардың өткен тарихын бұрмалауға және ұлттық сана-сезімі ояна бастаған зиялы өкілдерін қудалауға келгенде әлгі екіұдай жүйенің көзқарастары мен тәсілдері жымдасып, ара-жігі жойылып кететіндігін Манаш Қабашұлы көптеген тарихи фактілермен көрсетті.

     «Тарихтың ащы сабағы» деген басылымда  Манаш Қабашұлы күн тәртібіне  социалистік ұлт, жұмысшы табы, шаруа, социалистік интеллегенцияның қалыптасуы, мәдени мұра, сабақтастық дәстүрдің үзілісі, әкімшілік туралы теориялық тұжырымдамалар қойды. Сол сияқты автор ақтаңдақтар қатарында қазақ халқының этногенезі, қазақ халқының жоңғарларға қарсы ұлт азаттық қозғалысы, ұлттың көне мәдениет тарихы, Қазақстанның Ресейге қосылу тарихы, көшпенділер өркениеті, қазақ халқын күшпен отырықшыландыру әдістері мен шежіре мәселелерін жатқызды. Кеңестік дәуірдің құрдымға кетіп бара жатқандығына көз жете бастаған тұста тарихшылар әулетіне көсемдік еткен Манаш Қабашұлы Қазақ мемлекеттігі, отаршылдық жүйе, геноцид туралы алғашқы идеяларды алға тартты.

     Манаш Қабашұлы бастаған институт ұжымы Ресей Ғылым Академиясы Тарих институтымен бірлесе отырып Орта Азия мен Қазақстанда кеңестік күштеп ұжымдастыру саясатын тарих таразысына қайта салды. Бұл зерттеу жұмысының нәтижесі «История СССР» журналында (1990, № 7) М.Қозыбаев бастаған авторлық топтың «Казахстанская трагедия» деген атпен жарық көрді.

     Ол  бұл ғылыми нәтижемен шектелмей, күштеп ұжымдастыру, байларды тәркілеу, ашаршалық кезеңіндегі берілген біржақты жеке басқа табыну идеологиясынан туындаған бағаларды қайта қарауды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңес Президиумының алдына қойды. Өзі арнайы құрылған мемлекеттік Комиссияны басқарып, тұңғыш рет Кеңес елінің тарихында Сталиннің, Кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру саясаты этноцид саясаты деп бағаланды. Мұндай саяси бағаның берілуі қазақ тарихының тағы бір «ақтаңдақ» беттеріне зерттеушілердің жаңа бір шоғырының назарын аудартты.

     Ш.Уәлиханов  атындағы Тарих және этнология институты  мұрындық болып Алматы қаласында 1990 ж. 27-28 шілдеде «Национальные движения в условиях колониализма: Казахстан, Средняя Азия, Северный Кавказ» атты Бүкілодақтық дөңгелек столдың ұйымдастырылуы шығыс халықтардың отарлық саясатқа қарсы азаттық қозғалысының қайта зерделенуіне түрткі болды. Тарихшылардың осы бас қосуында Ресей отаршылдық саясаты талданып, ұлт-азаттық қозғалысының ортақ заңдылықтарын ашу, оларды әлемдік азаттық қозғалысының құрамды бөлігінде қарауға алғашқы талпыныстар жасалды.

     Осы алқалы жиында М.Қозыбаев: «Значительно меньше внимания в исторической науке уделялось борьбе народов нашей стране. Это привело к тому, что до сих пор не создана цельная, правдивая, подлинно научная концепция освободительной борьбы народов восточных многонациональных регионов. Во многом сложившаяся ситуация объясняется тем, что развитие историографии ...было многократно грубо прервано и нарушено» (1) деп мәселені зерттеуге жаңа методологиялық ізденістердің қажеттілігін көтеріп, тақырыпқа қатысты тарихнама мен деректанудың іргелі мәселелерін көтерді.

     Тәуелсіздіктің  алғашқы лебінің білінуімен бірге Манаш Қабашұлы ұлт тарихының жоқтаушысы ретінде ұзақ уақыт іштен тынып, бір мезетте атқылаған жанартаудай Отан тарихының теориялық-методолгиялық мәселелерінің түйткілдерін жайып салды.

     Ғасырлар тоғысындағы жол айрықта кейінгі ғұмырының қалай сабақтасатынын анық айқындаған ол өзінің азаматтық ұстанымын былайша жеткізді: «Мен рухани адалдықты, тазалықты жақсы көремін. Кейде мені шалып жыққысы келетіндердің: «Сен баяғыда коммунистік идеологияның жырын жырлаушы едің ғой ?» - деп соқтығатыны бар. Менің сол тырнақ астынан кір іздегендерден екі айырмам бар: бірі – сол шала, дүмбілез кезіміздегі болғанды мойындай білу; екіншісі – жаңа заманға риясыз еңбек ету, сүрініп барып тік тұру. ...Менде пендемін, пендешілік жасаған кезім де болған. Бірақ әрқашан да, тіпті сол заманның өзінде мен тазалық үшін еңбек еттім» (2). Өзінің осындай өмірлік ұстанымын пір тұтқан академик бар күш-жігерін елі мен жерінің тарихын қайта саралауға арнады.

     Ғалым ағамыздың үзеңгілес серігі, т.ғ.д., профессор К.Нұрпейіс осы егемендікті алған тұстағы зиялылар арасындағы жағдайды былайша суреттеп, баға береді: «Ал, кеңестік кезеңде білім алып, тарихшы болып қалыптасқан әріптестеріміз шығармашылық дағдарысқа ұшырады. Мұның басты себебі тарих ғылымы саласындағы идеологиялық құлдық психологияның біразға дейін өз күшінде болуында еді. Біртіндеп кәсіби тарихшылардың белгілі бөлігі бұл дағдарыстан құтылып, Тәуелсіз Қазақстанның шындыққа сай тарихын жазуға кірісті. ...Осы жылдары Манаш Қабашұлы өзінің жеке жүргізген жан-жақты, әрі терең зерттеулері арқылы және кең көлемді ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі нәтижесінде республика тарихшыларының көшбасшысына айналды» (3).

     Тәуелсіздіктің  алғашқы жылдарында академик М.Қозыбаев жаңа сипаттағы Қазақстанның азат тарихының жаңа тұжырымдамасын жасауға өз зерттеулері арқылы салмақты ой-тұжырымдар қосты. Оның ішінде «История и современность», «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Жауды шаптым ту байлап», «Тарих зердесі», «Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски», т.б. сынды еңбектері.

     Аталған туындыларында академик қазақтардың әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен далалық өркениеттің жаңа қырларын айқындады; Қазақстанның Ресейдің отарына айналу процесінің кезеңдерін, түрлерін қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан қарастырды; патшалы Ресей мен Кеңес Одағы жылдарындағы ұлт-азаттық қозғалыстар мен қарулы көтерілістердің ортақ белгілері мен аймақтық ерекшеліктерін зерттеді; қазақ зиялыларының орнын анықтап, тұғырына қондыратын методологияның қалыптасуына үлес қосты; Кеңес Одағы жылдарындағы саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеуге, осы арқылы олардың құрбандарын ақтау ісіне еңбек сіңірді; күштеп ұжымдастыру мен қазақ шаруаларын зорлап отырықшыландыру тарихы мен қасіреті салдарларын ашу ісіне ат салысты, сонымен бірге Қазақстанның арғы бергі тарихының зерттелу жағдайын зерделеді.

     Қайта құрудың салдарынан қоғамдық санадағы жіби бастаған тоңның лебімен ғалым ХХ ғ. соңындағы көтерген соны мәселелерін әрі қарай індете зерттеуіне мүмкіндіктер ашты. Соның бірі Алматы қаласында 1990 жылы Бүкілодақтық дөңгелек столда көтерген ұлт-азаттық көтерілістің методологиялық мәселелері.

       Манаш Қабашұлы 1994 жылы жарық көрген «Жауды шаптым ту байлап» публицистикалық жанрда жазылған мақалалар жинағында ұлт-азаттық көтерілістің методологиялық мәселелерін кеңінен жазды. Жинақтағы «Ұлт-азаттық қозғалысының белестері» деген мақаласында «отаршылдық», «ұлт-азаттық қозғалысы», «ұлт-азаттық революциясы», «Отан соғысы» сияқты бұрын Отандық тарихы ғылымында көтерілмеген ұғымдарға тоқталып, олардың ішкі мазмұны мен сабақтастығына талдау жасай отырып, оның түрлерін жіліктей келе орыс империялық отаршылдығы отарлау жүйесінің ең арзан, жабайы түрі екендігін дәлелдеді. Зерттеуінде ғалым қазақ даласындағы азаттық қозғалысы әлемдік ұлт-азаттық қозғалысының, дүниежүзілік отарлық жүйеге қарсы күрестің құрамдас бөлігі, бұл да бір методолгиялық тұғырдан мөлшерлер мәселе деп түйеді.

Информация о работе Академик М.Қ.Қозыбаев және тарих ғылымының жаңа белестері