Шоқан Уәлиханов

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 08 Ноября 2011 в 15:36, реферат

Краткое описание

Ш. Ш. Уәлихановтың ата-бабалары байырғы сұлтандар әулетіне жатады. Оның бабасы, Орта жүздің ханы Абылай алғашқылардың бірі болып Ресейдің қол астына кіріп, өмірінің соңына дейін Ресеймен сауда және саяси байланыс жасап отырды. Абылайдың үлкен баласы, Орта жүздің соңғы ханы Уәли бұл байланысты одан әрі дамыта түсті*2. Шоқан Уәлиханов фамилиясына туған атасы Уәли есімін алады.

Содержимое работы - 1 файл

Шоқан Уәлиханов.docx

— 114.20 Кб (Скачать файл)
 

«

Шоқан (Мұхаммед-Ханафия) Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мен қызметі

Ш. Ш. Уәлихановтың ата-бабалары байырғы сұлтандар  әулетіне жатады. Оның бабасы, Орта жүздің ханы Абылай алғашқылардың бірі болып Ресейдің қол астына кіріп, өмірінің соңына дейін Ресеймен сауда және саяси байланыс жасап отырды. Абылайдың үлкен баласы, Орта жүздің соңғы ханы Уәли бұл байланысты одан әрі дамыта түсті*2. Шоқан Уәлиханов фамилиясына туған атасы Уәли есімін алады.

ХIХ ғасырдың екінші жартысында Г. Н. Потанин жазып  алған Уәлихановтардың отбасына қатысты әңгімеде былай делінеді: «Уәли ханның екі қыстауы болған, бірі - Көкшетаудың шығыс жағындағы хан көлінде, екіншісі - Сырымбетте. Абылайдың бәйбішесі Сайманнан өрген ұрпақтар қазір де сонда (яғни, Бурабай жағасында) тұрады. Айғанымның (Уәли ханның кіші әйелі) балалары Сырымбетте»*3.

Уәли хан мен  оның ұрпақтарына мұрасы ретінде  тиген Бас орда Бурабай көлінің  жаға-сында орналасқан және ол түрліше (Орда, Хан көлі, Ханның Қызылағашы т. с. с.) атпен белгілі болатын.

Хан билігі жойылып, «Сібір қырғыздары жөніндегі Жарғы» қабылданғаннан кейін Уәли ханның мұрагерлікке қалдырған жерлері балаларына бөлініп  берілді. Оның қара шаңырағы Қызылағаш  үлкен баласы Ғұбайдоллаға және оның ұрпақтарына көшіп*4, ал Сырымбет Уәлидің кіші әйелі Айғанымның балаларының еншісіне тиді.

Шоқанның әкесі, Абылай ханның немересі Шыңғыс Уәлиев 1811 жылы Қызылағашта (басқа деректер бойынша Сырымбетте) туған. Уәли қайтыс болғанда Шыңғыс жеті жаста еді. Шыңғыс жас кезінен бастап орыстармен тығыз қарым-қатынас жасады, Омбы әскери училищесін тамамдады, патша әкімшілігіне жақын қазақ ақсүйектерінің бірі болды. Әке мұрасына Уәлидің үлкен баласы Ғұбайдолла ие болу керек еді, алайда саяси себептерге байланысты ол өзінің бұл құқығына ие бола алмады. Сөйтіп отбасына Уәли ханның жесірі, Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным (1783-1853 жж.) бас болады.

Айғаным ақылды, көреген, өзінің заманына сай білімді болған әйел. Ол шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментімен және Петербордағы Сібір комитетімен хат жазысып, байланысып отырған. Айғаным жергілікті халықтың арасында өте зор беделге ие болды. Мұрағат мәліметтері Айғанымның қоғамдық-саяси мүдделерінің өте ауқымды болғанын көрсетеді. «Сібір қырғыздары жөніндегі Жарғы» қабылданғаннан кейін, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы қандай да маңызды оқиғалар оның қатысуынсыз өткен емес.

Айғаным қазақтар мен орыстардың арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюына ұмтылып отырды. Ол Қазақ даласында геодезиялық зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген орыс ғалымдары мен инженерлеріне көмек көрсетті. «Уәли ханның орысқа бағынуын, - деп жазды П. П. Семенов Тянь-Шаньский, - Айғанымның өзге туыстары, Уәли ханның алғашқы әйелінен туған балалары мен інілері мойындағысы келмегенде, тек Шоқанның әжесі, Уәли ханның жесірі Айғаным ғана өзінің балаларымен бірге Ресейге адал болып қалды. Александр I Уәли ханның жесіріне үлкен ілтипат көрсетіп, Қырғыз даласында оған арнап үй салдыруға әмір еткен. Шоқан Уәлиханов сол үйде туған*5».

Айғаным орысша білім алудың маңызын жақсы түсінді. 1827 жылы ол өзінің баласы Шыңғысты - Шоқанның әкесін Сібірдің шептік казактарының әскери училищесіне оқуға берді. Училище жалпы білім беру бағытында  еді және ол орта білім беретін, оның жанында білікті аудармашы мамандар мен топографтарды даярлайтын шығыс тілдерінің арнаулы сыныбы болды. Жеті жылдық білім алғаннан кейін Шыңғыс училищеден жеткілікті дәрежеде сауатты, ғылым, әдебиет пен өнер мәселелерінен хабардар адам болып, сондай-ақ тарих пен географиядан, өз елінің статистикасынан терең мағлұмат алып шықты. Шыңғыс орыс тілін жақсы білетін алғашқы қазақтардың бірі болды.

Әскери училищені  бітіргеннен кейін Шыңғыс 23 жасында  сол кезде жаңа құрылған Аманқарағай  округіне аға сұлтан болып тағайындалады да, оған майор, кейіннен полковник шені беріледі. Әскери училищені бітірген жылы (1834 ж.) Шыңғыс Аманқарағайға келгеннен кейін дәстүр бойынша жастайынан атастырып қойған қалыңдығы Зейнеп Шормановаға үйленеді.

Обаған, Құндызды, Терісбұтақ өзендері мен Құсмұрын көлін  жағалай қоныстанған атығай, қарауыл, керей, қыпшақ және уақ руларынан  тұратын көптеген қазақ ауылдары  аға сұлтанның қарамағында болды. Бұл рулардың отырған жерлерін, қыстаулары мен жайлауларын жас Шоқан жазғы демалысқа келіп жүрген кездерінде (1850-1852 жылдары) өзінің суреттері мен сызбаларында бейнелеген.

1835 жылы Аманқарағай  округінің орталығы Құсмұрынға  көшірілді де, осыған байланысты ол Құсмұрын округі деп аталды. Бұл кезде барлық тұрғын үйлер, шаруашылық құрылыстар және гарнизонға арналған жатақ үймен бірге Құсмұ-рын бекінісін салу да аяқталды. Уәлихановтың отбасы осы бекініске келіп қоныстанды. Құсмұрын көлінен алыс емес жерде орманның саясында Уәлихановтар «Күнтимес» деп атаған келісті жаздық орда салынды. Шоқанның картасында ол «біздің үй» деп жазылған. Онда Шыңғыс өзінің барлық орыс достарын жинады, онда онымен ғалымдар, журналистер және көптеген инженерлер әңгіме-дүкен құрды.

Шыңғыс Құсмұрында жиырма жыл тұрды. Бұл жерде ол үлкен отбасына айналды. Оның жеті ұлы мен бес қызы болды, осылардың ішінде тек Сақыпкерей (Қозыке) мен Әпия және ең кішілері Нұрмұхаммед (Көкіш) қана Сырымбетте туды, үлкен балалардың бәрі Аманқарағай мен Құсмұрында туды. Құсмұрын Шыңғыстың екінші отанына айналды.

1853 жылы Батыс  Сібір генерал-губерна-торының ұсынысы  бойынша патша үкіметі Құс-мұрын  округтік приказын тарату және  «оның құрамындағы бес болысты Көкшетау округіне қосу»*6 туралы өкім шығарды. Ол бұйрықта: «Таратылған Құсмұрын приказының орнына Атбасар станицасы орналасқан жерден Атбасар округтік приказы деп аталатын жаңа округтік приказ ашылсын»*7 делінген.

Сөйтіп Құсмұрынның орнына Есіл өзенінің бойындағы - Ақмола приказының солтүстік-батыс жағындағы Атбасар елді мекені жаңа әкімшілік орталығына айналды. Шыңғыс отбасымен бірге 1853 жылдың маусым айында көп жыл тұрып, бауыр басып қалған Обаған өзенінің жағасынан көшіп, Сырымбетке, анасының меке-ніне қайтып оралды. Шоқан Уәлиханов балалық шағының көбін сол арада өткізді.

Уәлихановтардың ата-бабаларынан келе жатқан мекені мен үй-ішілік жағдайы 1865-1867 жылдары Дала комиссиясының мүшесі ретінде Қазақстанды зерттеу жұмыстарына қатысқан Бас штабтың офицері А. К. Гейнстің жазбаларында толық сипатталған: «Шыңғыстың қыстауы бұл арадан он шақырымдай жерде. Оның мекенін қалың қарағайлы әсем екі тау қоршап тұрды; тастақты бір қырқадан асып, ылдиға қарай түскенімізде біздегі орташа помещиктердің дәстүрінде салынған бірнеше үй мен олардың ортасында тұрған мешітті көзіміз шалды. Шыңғыс пен әйелі екеуі тұратын үйдің жиһазы помещиктер үйінің жиһазына ұқсайды. Залда он екі пьесаға дейін ойнайтын орган; аралық қабырғада айналар; хрусталь салпыншақты қола үлкен шырағдан; сондай бра; жұқа, бірақ кең аграмантпен тігілген шағын жібек перделер. Қонақ бөлмесінде гарднер немесе корнилов вазаларының орнына қытай вазалары қойылған; стол үстінде шам, диван және т. б. Еденге ташкент және парсы кілемдері төселген, жиһаздарға жолбарыс, барыс, аю терілері жабылған. Жалпы әсер сүйсінерлік»*8.

Шыңғыс Сырымбетте қыста ғана тұрып, жазды жайлауда өткізген. Жазғы демалысқа келген кездерінде кейде Шоқан мен Г. Н. Потанин де Шыңғыспен бірге көшіп жүрген. XIX ғасырдың 50-60 жылдарында Шыңғыстың жаз жайлауы Сырымбеттен алыс, Есіл өзенінің жоғарғы жағында, қазіргі Атбасар даласында болған. Г. Н. Потаниннің суреттеуі бойынша Шыңғыстың белгілі жайлаулары - Құлаайғыр, Қалмақкөл, Салқынкөл және Тоқты. Кейіннен көшіп-қону аумағы тарылып, Шыңғыс жаз мезгілін Сырымбетке жақын, Қазан ауданындағы Саумалкөл (Айыртау), Күйгенкөл, Ақжар мекендерінде өткізген. XIX ғасырдың аяғына қарай Уәлихановтардың отбасы жайлауға көшуді доғарып, Сырымбет төңірегінде өмір сүрген.

Шыңғыс туралы көптеген мұрағаттық және әдеби деректерде мәліметтер сақталған, оларда ол сол  дәуірдегі қазақ қоғамы тұрмысының, әдеп-ғұрыптарынын, экономикасы мен саяси өмірінің білгірі ретінде сипатталады. Шыңғыс өз заманының мәдениетті және білімді адамы болған, ғылым мен әдебиетті, өнерді бағалай білген.

Шыңғыс Солтүстік Қазақстанға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге келген ғалымдарға жан-жақты көмектесті. Ғылыми мекемелер мен жекелеген ғалымдар одан Қазақстан жөнінде жаңа мәліметтер алу үшін өтініш жасап отырған. Ондай кездерде Шыңғыс өзінің білгенін және қолындағы бай материалдарды әрдайым зор ықыласпен бөлісіп отырған.

Ол қазақтардың  адаты жөнінде жазып жүрген С. Сотниковке, И. И. Ибрагимов пен А. К. Гейнске, А. К. Крохалевке және басқа  да зерттеушілерге өзінің заңға қатысты  және статистикалық мәліметтерімен жиі көмектесіп тұрды. Ғылыми мекемелер мен жекелеген ғалымдардың өтініші бойынша қазақ фольклоры мен этнографиясы жайлы материалдарды жинап, оларды М. В. Ладыженскийге, Н. Ф. Костылецкийге, Г. Н. Потанинге, Қазан университетінің жанындағы антропология және этнография қоғамына табыс етті. Шоқанның ұстазы Н. Ф. Костылецкий 1852 жылы профессор И. Н. Березинге жолдаған хаттарының бірінде: «Сізді бұл тізім Орта жүздің соңғы ханы, Уәлидің баласы, Құсмұрын приказының аға сұлтаны Шыңғыс қайтыс болған таныстарымның біріне табыс еткен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» халық поэмасының мазмұнымен таныстырғым келеді»*9.

Шыңғысты Шоқанның әкесі және орыс ғылымы мен ағарту ісінің Қазақ даласындағы жақтаушысы ретінде, Мәскеу мен Петерборда, әсіресе Географиялық және Антропологиялық қоғамдарда жақсы білген. Бұл қоғамдарға ол қазақтардың өмірінен алынған сирек кездесетін этнографиялық жәдігерлер жинаған. Орта Азия Ресейге қосылғаннан кейін, Мәскеуде ұйымдастырылған өнеркәсіп көрмесіне ол көп деректер берді. Оның этнографиялық коллекция үшін профессор В. В. Григорьевтің өтініші бойынша жинаған жекелеген заттары бүгінде Петербордың, Мәскеу мен Гамбургтің музейлерінде сақтаулы тұр.

Шыңғыстың жаңашылдыққа ұмтылысы, әсіре-се отставкаға шыққаннан  кейін айқын көріне түс-ті. Бұл «Сібір сепаратистері» саяси процесінен кейін болған оқиғаларда белгілі бір көрініс тапты. 1865 жылы Шыңғысқа «Сібір патриоттарына» деген үндеудің Омбының кадет корпусына таралуына тікелей қатысы бар деген сылтаумен және Уәлихановтардың достары - Г. Н. Потанин, Н. М. Ядринцев, Ф. Н. Усов және басқалар тұтқындалуына байланысты саяси айып тағылды. Омбы мұрағатында «Сұлтан полковник Шыңғыс Уәлихановтың үкіметке қарсы қылмыстық ойлары туралы» деген атпен іс сақталған*10.

Шыңғыс Уәлихановтың Шоқаннан басқа орысша оқып, білім алған тағы да бірнеше дарынды баласы болды. Шоқанның бауырларының арасында ең қабілеттісі жастай дүниеден өткен Сақыпкерей (Қозыке) еді. Өнерді бағалай білген Шоқан Уәлиханов ауылға келген кездерінде дарынды ақын, әрі композитор інісі оны әндерімен риза қылып, қуантып жүрген. Қозыке халық композиторы Ақан серімен достық қарым-қатынаста болған, онымен бірге романтикалық сарында бірқатар ән-әуен шығарған*11. Ол шығарған әндердің ішінде кең таралғандары - «Ай көкек», «Топай көк», «Сырымбет» және «Көкенің аманаты». Соңғы ән сүйікті ағасы Шоқан Уәлихановқа арналған.

Шоқанның тағы бір бауыры Мақы (Мақажан) Уәлиханов (1844-1923 жж.) суретші болған. Ол Петербордағы мылқаулар мектебінде білім алып, кейін түрлі ғылыми мекемелер мен кітапханаларда суретші болып қызмет істейді. Шоқан бауырының дарынына назар аударып, Мақыға Көркемөнер академиясының шеберханасына орналасуға көмек көрсетеді. Ол сол жерде сурет салу өнерімен шұғылданады. Мақы Петерборда 11 жыл тұрған*12. Туған елге қайтып оралғаннан соң қоғамдық жұмыстармен айналысып, қылқаламын қолына сирек алады. Шоқан Уәлиханов арқылы Мақы Петербор мен Омбыдағы көптеген ғалымдармен, қоғам қайраткерлерімен танысады. Мақыны өте жақсы білген Г. Н. Потанин былай деп жазады: «Көкшетаудан шығып, Уәлихановтардың ауылын іздеп келе жатып мен қазіргі көзі тірі ағайынды төртеуінің бірімен өте ашық байланыста болуым керек болса, ол әрине Мақы болар еді деп ойладым». Г. Н. Потаниннің айтуы бойынша, Мақы Шоқан арқылы қабылдаған орыс халқы мен мәдениетіне деген керемет құштарлығын сақтап қалған*13.

Шыңғыстың өзге ұлдарының ішінен Махмұт Уәлихановты (1848-1918 жылдары) атап өткен жөн. Ол Шоқанның күшті ықпалында болып, бала кезінен орыс және батыс-еуропа классиктерін оқуға құмартты.

Махмұт та ағалары сияқты жас кезінен орыс ғалымдарымен, жазушыларымен және инженерлерімен араласты. Олармен достық қарым-қатынасын өмірінің аяғына дейін үзген емес. Оған Географиялық қоғамның Батыс Сібір бөлімшесінен ғалымдар жиі келіп тұрды, кейде Петербордан да келетін. Ол 1908 жылы Н. Павлова арқылы Петербордың қоғамдық кітапханасына (қазіргі М. Е. Салтыков Щедрин атындағы мемлекеттік қоғамдық кітапхана) Ф. М. Достоевскийдің Шоқанға 1856 жылы Семейде жазған хатын беріп жіберді.

Болашақ ғалым  және ағартушы Шоқан Уәлихановтың туып-өскен отбасы, міне, осындай еді.  

***  

Шоқан Уәлиханов (толық есімі - Мұхаммед-Ханафия, ал Шоқан - анасының еркелетіп қойған аты) 1835 жылдың қараша айында Құсмұрын бекінісінде туған. Бұл деректің растығын КСРО Сыртқы істер министрлігінің мұрағатындағы Шоқан Уәлихановтың қызметі жөніндегі формулярлық тізім дәлелдейді*14.

Информация о работе Шоқан Уәлиханов