Бауыр циррозы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 12 Марта 2012 в 16:06, доклад

Краткое описание

Цирроз гепатит сияқты басталады, адам әлсізденіп, тамаққа тәбеті жойылады, асқазаны бұзылады, оң жақ қабырғаның асты ауырады.Ауру қатты асқынған кезде адам күннен-күнге жүдей береді. Қан аралас құсық пайда болады. Ауыр жағдайларда табан ісінеді, іші сұйыққа толып сыртқа кернеп кетеді. Көз бен тері сарғаяды.

Содержимое работы - 1 файл

Бауыр циррозы.docx

— 28.32 Кб (Скачать файл)

Бауыр циррозы - бауыр паренхимасының фиброзды дәнекер ұлпамен қайтымсыз  алмасуымен сипатталатын бауыр ауруы.

Белгілері

Цирроз гепатит сияқты басталады, адам әлсізденіп, тамаққа  тәбеті жойылады, асқазаны бұзылады, оң жақ қабырғаның асты ауырады.Ауру қатты асқынған кезде адам күннен-күнге жүдей береді. Қан аралас құсық пайда болады. Ауыр жағдайларда табан ісінеді, іші сұйыққа толып сыртқа кернеп кетеді. Көз бен тері сарғаяды.

Емделу жолдары

Асқынған циррозды емдеу  қиын. Бұл дертті емдеп, жазатын әсер-күші мықты дәрі жоқ. Көптеген адамдар асқынған цирроздан қайтыс болады. Егер сіз өмір сүргіңіз келсе, бауыр циррозы білінісімен бірден мынаны орындаңыз:  Енді ешқашан ішімдік ішпеңіз. Ішімдіктің бауырды бұзатынын мықтап ескеріңіз. Мүмкіндігінше жақсы тамақ ішіңіз: көкөністер мен жеміс-жидектер, аздап протеинді пайдалануға да болады. Бірақ протеинді тамақтармен: ет, жұмыртқа, балық, т. б. көп әуестенбеңіз, себебі бұлар ауру бауырдың жұмыс істеу қызметін қиындатады. Циррозбен ауырып жүрген кезде ісік пайда болса, тұзды тамақтан мүлдем аулақ болыңыз.

Алдын алу

Цирроздан сақтану оңай: арақ-шарапты  көп ішпеу керек.

 

 

 

 

Бауырдың  қабынуы. Вирустық гепатиттер

 

Бауыр — дененің құрсақ бөлігіндегі оң жақ қабырғалардың  астына орналасқан ішкі мүше. Ол қанды түрлі уыттардан тазартады, асқорытуды жақсартады, асқорыту кезінде ағзаны қажетті қуат көзімен қамтамасыз етеді әрі кейбір дәрумендер қорын толтырып отырады және сақтайды. Ағзадағы  қан жасау немесе жаңарту кезінде қан плазмасындағы ақуыздарды синтездейді, холестерин мен оның эфирін синтездейді, липидтер мен фосфолипидтерді синтездейді, ағзадағы липид алмасуын реттейді, он екі елі ішек пен ащы ішектің кейбір бөлігіндегі асқорыту процесіне қатысатын гормондар мен ферменттерді синтездейді және өт қышқылы мен пигменттерін синтездейді. Осыншама орасан зор қызмет атқаратын бауырда болатын өте қауіпті жұқпалы дерттер тоқталсақ.

 

Вирустық гепатиттер –  қауіпті жұқпалы аурулар тобы. Халықаралық жіктеу бойынша оны 2 топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі– ішек жұқпасы. Оған А және Е вирустық гепатиті жатады. Екіншісі – асқорыту жолынан тыс тобы, яғни қанталау ин­фек­циясы қан және ағзаның сұйық ортасы (сіле­кей, емшек сүті) ар­қылы жұғады. Бұл топқа В және С, D вирустық гепатиті жатады. Аурудың дамуының ұзақтығына байланысты жедел, жай өрбитін және созылмалы болып бөлінеді. Ал зақымдануына байланысты ошақты, мезенхималдық, паренхиматоздық гепатит болып жіктеледі. Бауыр қабынуының ауырлығына байланысты ауыр, орташа ауырлықтағы және жеңіл түрі болады. Бүгінгі таңда гепатит вирустарының бірнеше түрі бар.  Олар: Гепатит A, Гепатит B, Гепатит C, Гепатит D, Гепатит E, Гепатит F және Гепатит G. Осылардың ішінде ең көп тарағаны –“А” гепатитi немесе боткин ауруы.

 

Ел арасында оны «сары  ауру» дейді. Ауруды Picornaviridae тобына жататын Hepatovirus тәріздес вирус турады. Ағзаға түскен індет ең алдымен бауырды зақымдайды, бауырдың қызметін бұзады, зат алмасуларды жояды. Нәтижесінде ағзадағы дәрумендер тепе-теңдігі бұзылып, уытты заттар көбейеді. Бұл дерт адамнан адамға тез жұғады. Яғни таратушы да, тасымалдаушы да науқастың өзі болады. Демек аурудың алғашқы белгiлерi пайда болғанға дейiн және сырқат сауыққанға дейiн өзгелерге таралу қаупi зор болмақ. «Сары ауруды» жұқтыру жолдары өте көп. Қайнамаған суды, әсiресе, орталықтандырылмаған су көздерi, яғни өзен, бұлақ, құдық, арық суларын пайдаланғаннан, жуылмаған көкөністерді жеуден, тазартылмаған, залалданған  тағамдарды тұтынудан  да ауру жұқтыру мүмкiндiгi артады.

 

А гепатиті жұқпасын, әсiресе, мектепке дейiнгi және мектеп жасындағы балалар көп жұқтырады. Вирус науқастың ағзасынан нәжiс арқылы шығады. Көзге кө­рінбейтін ұсақ вирус су немесе тағам, лас қол және вирус жұқтырған науқас пайдаланған құралдар мен заттар арқылы ауыз қуысынан өтіп,  алдымен ішекке, одан қан құрамына тү­седі. Сөйтіп, бауырға жетіп, шоғырланады. Бауырда өсіп-өн­ген вирус біртіндеп оның жасуша­ларын зақымдайды. Содан бауыр ісініп, үлкейеді, ауырады.

 

Бауыр қабынуының белгілері  суық тию мен тұмаудың белгілеріне  ұқсас келеді. Көп жағдайда оны тұмаумен шатастырып, ауруды асқындырып алатын жағдайлар жиі кездеседі. Яғни суық тиген сияқты мұнда да  науқастың жұ­тынғанда тамағы ауы­рады, мұрнынан су ағып, тамағы қызарады, қызуы көтеріледі, басы ауырады, ұйқысы қашады, көңіл-күйі төмендейдейді,  әлсірейді, тез шаршайды,  мазасызданады.  Жас бала­лардың іші өтеді. Вирус ағзаға түскеннен кейін біртіндеп дамиды. Алғашқы күндері адам асқа тәбеті жоғалғанын, артық қимылдап, қозғалғысы келмейтінін сезеді. Діңкесі құрып тұрады, еш нәрсеге зауқы болмайды.  Кейде басы ауырып, жү­регі айниды, лоқсып құсады. Естияр балалар оң қа­бырғаларының асты ауыр­ғанын айтса, нәрестелер мазасызданып, жылай береді, ұйқысы нашарлайды. Кейбір балалар, керісінше,  маужырап ұйықтай береді.

 

Аурудың негізгі белгілері: дене қызуы көтеріледі, 2-4 күн өткеннен кейін науқас адамның зәрі қоңырланады, несеп сарғаяды, кейде сыраның немесе қою шәйдің түріндей болады. Нәжiстің түссізденуі немесе ағаруы мүмкiн, бірақ көп жағдайда несептің түсі өзгереді, көздiң сiлемейлi қабатының, ауыз қуысының, терi қабығының сарғаюы байқалады.  Сондай-ақ сырқат адамның ұйқысы нашарлайды, бауыр аумағының ауырсынуы білінедi. Сары ауру бір аптадан 1,5-2 айға дейін созылып, кейiннен бірте-бірте бәсеңдеп, жоғалады. Аурудан кейін қалыпқа келу уақыты жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Егер ем уақытылы, дер кезінде басталса, нәтижесі көрнекті болып, науқас толық сауығып кетеді.Ұйқысы тынышталып, денесінің сарғайғаны азаяды. Бірте-бірте бауырының ісінгені қайтып, ауырғаны басылады. Кіші және үлкен дәретінің түсі қалпына келеді. Алайда емделген науқас «сауықтым» деп өз-өзіне немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені А гепатитінің жұқпасы жоғары иммуногендігімен ерекшеленеді, ауырған соң ауру тұрақты өмірлік иммунитет қалыптасады. Жұқпа 1 жасқа толмаған балалар, ересектер мен қарттар үшін қиын өтеді. Ересектерде жұқпа айқын интоксикация мен сары аурумен байқалады, орта есеппен 40 күн немесе 3 ай ауыруы мүмкін.

 

Диагноз:

 

Бауыр қабынуының диагнозын  аурудың белгілеріне қарап, яғни интоксикация белгілері (жалпы жағдайы, өзін қалай сезінуі), диспепсия (асқорыту жүйесінің бұзылуы), безгек болуы (дене қызуы, тершеңдік, қалтырау, дірілдеу), тері, көз, тырнақ, тілдің сарғыш тартуына, несеп пен нәжіс түсінің өзгеруіне қарап, сондай-ақ науқастан сары аурумен ауырған адамдармен байланыста болғандығы жайлы мәліметтер жинау ( яғни адам соңғы ай ішінде қайда болды, не жеді, қандай су ішті, сары аурумен ауыратын адамнан қарым-қатынаста болды ма, сол жайлы сұрақтар қойып, науқастың берген жауабына қарап) арқылы қоюға болады.

 

Емдеу: Сары ауруға селқос қарап, оны үйде емдеуге болмайды. Өйткені  вирус бауырды тез зақымдайды, тіпті жасушалардың өлуіне әкеліп соқтырады. Ауру асқынған жағдайда науқасты аман алып қалу қиынға соғады. Сондықтан дерттің алғашқы белгілері білінісімен науқасты дереу дәрігерге көрсетіп, ау­руханаға жатқызу керек. Емдеуде ең алдымен адамның аурумен күресу иммунитеті жоғары болуы шарт.  Ем-дом шаралары уыттар концентрациясын төмендетуге  бағытталады және қалпына келтіру үшін бауыр жасушасын қуат көздерімен, дәрумендермен қамтамасыз етеді. Сондықтан уытсыздандыру ерітіндісі, глюкоза, дәрумен, бауыр жасушаларын қорғайтын  гепатопротектор енгізіледі. Қазіргі кезде сары ауруды дезинтоксикациялық, яғни уытсыздандыру терапиясы арқылы емдейді. Ол бауыр қызметі бұзылуының уыттануын төмендетеді. Сондай-ақ симптоматикалық терапия. Бұл ауру белгілерін жойып, науқастың жалпы жағдайын жақсартады. Майлы және ащы тағамдарды аз тұтыну, яғни арнайы диета ұстау тағайындалады. Сауыққан балаларды бірден мектепке немесе балабақшаға жіберуге болмайды. Оларға 6 айлық диспан­серлік бақылау қойылады. Сонымен қатар, оларды дене шынықтыру сабағы мен спорт үйірмелері жұмысынан босатады.

 

В гепатиті

 

В гепатиті – өте қауіпті  жұқпалы ауру. Қан арқылы берілетін дерт бауырды қатты  зақымдайды. Көбіне адамға қан, жыныстық қатынас арқылы беріледі. Сондай-ақ ана арқылы құрсақтағы балаға да жұғады немесе босану кезінде балаға беріледі.  Вирустың В түрін тіс емханасында, шаштаразда, сән салондарында татуаж, пирсинг жасату кезінде, егу шприцтерінен  жұқтыру  қаупі де бар. Демек шырышты қабықтар мен тері жамылғыларының зақымдалуынан болатын түрлі әрекеттермен де жұғады. В гепатитінде де сары ауру сияқты дене қызуы көтеріледі, буындар ауырады, науқастың жүрегі айнып, құсады, әлсіздік пайда болады. Бауыр және көкбауыр ұлғаяды. Дене бөртуі мүмкін. Бауыр қабынуының бұл түрінде науқастың дене мүшелерінің сарғаю белгілері өте сирек кездеседі. Бірақ науқастың зәрі қоңырланып, нәжісі ағаруы мүмкін. В гепатитімен ауырған науқастарға аурудың сатысына, ауырлығына байланысты кешенді ем жүргізіледі.  Яғни емдеу кезінде иммундық дәрі-дәрмектер, гормондар, бауырды қорғайтын препараттар, антибиотиктер беріледі. Ауруды дер кезінде емдемесе, асқына келе арты бауыр циррозы мен қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды. Әсіресе, балалар үшін өте қауіпті. Қазақстан Республикасында В гепатитінің алдын алу үшін жаңа туған нәрестелерге, медициналық қызметкерлер және эпидемиологиялық көрсеткіші бойынша қарым-қатынаста болғандарға вакциналық емдеу әдісі жүргізіледі. Вакциналау әдісі 6 ай ішінде 2 рет өткізіледі.

 

С гепатиті

С гепатиті – вирустық гепатитінің  ең ауыр түрі. Инкубациялық кезеңі орта есеппен 6-7 айды құрайды. Ол, негізінен, қан құю немесе қан алмастыру  кезінде беріледі. Сондықтан бүгінде  бүкіл донорлар С гепатитінің вирусына тексеріледі. Олардан арнайы қан талдаулары алынады. Бауыр қабынуының бұл түрі, сондай-ақ, залалсыздандырылмаған шприцтер, яғни медициналық ине-құралдардың таза болмауынан да жұғады. Ауырып жүрген анадан құрсақтағы балаға да кесірі тиеді.  Жыныстық қатынас арқылы өте сирек беріледі. Індет қан арқылы тарайтындықтан нашақорлар арасында жиi кездеседi. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, дерт жұқтырғандардың 80 пайызы есiрткi пайдаланушылар болып отыр. Вирус есiрткi мөлшерiн қабылдағаннан кейiн 6-12 ай iшiнде тарайды. С гепатитін анықтаудың күрделiлiгi сонда, ауырып жүрген адам өзiнiң ағзасында вирустың барын бiлмейдi, оның бойында тек шаршағандық пен әлсiздiк қана бiлiнуi мүмкiн, сондықтан емханаларға бармай, ауруды асқындырып алады.  Асқынған ауру созылмалы түрге ұласатыны ақиқат. Салдарынан бауыр циррозына не қатерлі ісікке шалдықтырады. Сондай-ақ С гепатиті ағзада өзге де вирустық гепатиттермен бірге дамыса, арты қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Бұл вирус ВИЧ-СПИД індеттері сияқты өте қауіпті саналады. Өйткені С гепатитінің вирусы адам ағзасында минут сайын өзгерiп отырады. Вирус енген адамның ағзасы бірден әлсірейді, иммунитеті төмендейді, нәтижесінде науқастың  аурумен күресуге қауқары жетпейді. Дерек көздеріне сүйенсек, соңғы 10 жылда С гепатитін жұқтырғандардың саны күрт өскен.  Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 170-200 миллион адам созылмалы гепатитке шалдыққан. Бір өкінерлік жағдай – сау адамды науқас адамнан қорғау үшін әсер ететін вакцинаның болмауы.

D гепатиті

Д гепатитінің бауыр қабынуының басқа түрінен айырмашылығы –  вирустың адам ағзасында өздігінен  жеке-дара өсіп-өне алмайтындығы.Яғни оның дамуына В гепатиті себепші болады. Дельта-гепатиттің «дербес ауру» деп саналмайтындығы сондықтан. Егер науқастың ағзасында В және Д вирусы қатар өмір сүрсе, аурудың ауыр түрі пайда болады. Бұл вирус В гепатитіне ұқсас келеді. Бірақ асқыну процесі тез жүреді әрі жиі кездеседі.

 

Е гепатиті

Вирустың бұл түрі А гепатитіне ұқсас келеді. Мұнда да жұқпа нәжіс арқылы сыртқа шығады. Көбінесе, ластанған су арқылы жұғады. Бауырдың қабынуының бұл түрімен ауырған жағдай біздің елімізде тіркелмеген. Яғни бұл ауру  тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету жұмыстары нашар ұйымдастырылған елдерге тән. (Азия, африка т.б) Бауыр қабынуының бұл түрінің басқа вирустық гепатиттерден айырмашылығы – Е гепатитінің ауыр түрінде бауырмен бірге бүйрек те зақымданады. Бірақ бұл аурудан сауығып кетуге болады. Алайда босану уақыты таяп қалған жүкті әйелдер үшін аса қауіпті.

G гепатиті

G гепатиті — бауыр қабынуының соңғы өкілі болып саналады. Белгілері С гепатитіне ұқсас келеді. Бірақ қауіпсіз. Егер С гепатиті кезінде ауру асқынған жағдайда соңы бауыр циррозы немесе қатерлі ісікпен аяқталса, мұнда бауырдың қатерлі ауруына шалдықтыратын инфекциялық өршулер болмайды. Бірақ G гепатиті С гепатитімен бірге дамыса, бауыр берішіне (цирроз) ұласуы мүмкін.

Вирустық гепатиттердің алдын алу:

1. Балаларға екпе салу, яғни вакцинациялау. Отбасының барлық мүшелерін А гепатиті антиденелеріне тексеруге кеңес беріледі. Антидене болмаған жағдайда вакцинация қажет;

2. «Тазалық-денсаулық кепілі» екенін есте сақтау. Қолды мұқият жуу. Мәселен, бала емізер алдында, ас ішер алдында, жұмыстан, базардан т.б. келгеннен кейін,  үй жұмысын атқарғаннан соң, дәретханадан кейін, қолды бірнеше қайталап сабындап жуу;

3. Мектеп асханаларын,  қоғамдық тамақтану орындарын,  үйді, сыныпты, бөлмені таза ұстау;

4. Ашық суқоймаларынан (өзен, бұлақ, құдық т.б) су iшпеу. Суды қайнатып ішкен дұрыс. Ел тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету,

5. Суға шомылған кезде суды жұтып қоймау

6. Алкогольді ішімдіктерден аулақ болу;

7. Майлы және ащы тағамдарды  көп тұтынбау. Ол бауыр қызметінің бұзылуына әкеліп соқтырады;

8. Тоңазытқышта азықтарды  сақтағанда піскен тағамдар мен шикi тағамдарды қатар қоймау;

9. Азық-түліктерді арнайы дүкендерден алу, жабайы сауда көздерінен тағам алмау;

10. Жеміс-жидектер мен көкөністерді жуып жеу, тіпті қайнаған сумен жуу қажет;

11. Теңіз өнімдерін термикалық тазалаудан өткізу керек.

Есте ұстаңыз: Кез келген адам отбасы мүшелерін гепатит жұқтырған  науқастан алшақ ұстауы керек. Себебі вирустық гепатитпен ауырған  адам бiрiншi күннен бастап жұқпаны шығара бастайды. Науқасты күтушiнің жеке бас тазалығын сақтауы маңызды. Сырқаттың жеке ыдысы, сүртіну орамалы болу керек. Күту құралдарын, ыдыс-аяқтарды қайнаған сумен жуу керек. Науқас жатқан бөлменi күнделiктi жуып, тазалап  отыру керек. Оны ауруханаға жатқызғаннан кейiн де бөлмесін, тұтынған заттарын, төсек орнын залалсыздандыру тиіс. Науқаспен байланыста болған адамдар онымен қарым-қатынасты үзгеннен кейін 35 күн бойы апта сайын дәрігердің қарауында болу керек. Мамандар оларға сауалнамалар қойып, тері мен шырышты қабаттарын тексереді, термометрия, бауырды қолмен зерттейді. Мектепте немесе балабақшада  сары ауру шыққан жағдайда сол сыныпта оқыту жүйесі доғарылады. Науқасты ұжымнан оқшаулағаннан кейін балалар бірге тамақтанған, ойнаған, ұйықтаған т.б қарым-қатынаста болған жерлерле залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Тарих: «Сары ауру» эпидемиясы туралы б.з.д. V ғасырда Гиппократ  сипаттаған. Десек те оның қоздырушысы өткен ғасырдың ортасында ашылды.

Информация о работе Бауыр циррозы